2021-09-09

Әзербайжан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Ағалар Атамоғланов Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа сенім грамотасын тапсырды.

Елші Ағалар Атамоғланов Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиевтің сәлемі мен ізгі тілегін жеткізе отырып, сенім грамотасын табыс етті.

«Бауырлас Қазақстанда өз елімнің өкілі болу мен үшін үлкен құрмет.

Біздің елдер арасындағы достық және бауырластық қарым-қатынастардың негізін Әзербайжан Республикасының ұлт көшбасшысы Гейдар Әлиев пен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қалаған болатын. Бүгінгі күні бұл саясатты біздің мемлекет басшылары сәтті жалғастыруда.

Біздің елдер стратегиялық әріптестер мен одақтастар болып табылады. Өзара түсіністіктің осындай жоғары деңгейі 2005 жылдың 24 мамырындағы Әзербайжан Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы стратегиялық әріптестік және одақтастық қарым-қатынастар туралы шартта бекітілді.

Түркі тілдес халықтар ретінде біз этникалық, тілдік және мәдени құндылықтар тарапынан өте жақынбыз. Ортақ тамырымыз, әдет - ғұрпымыз, дәстүріміз - мұның бәрі екі халықтың одан әрі жақын болуына жақсы алаң тудырды.

Біздің елдеріміздің стратегиялық тиімді географиялық орналасуының да маңызы зор. Әзербайжан Республикасының аумақтық тұтастығын қалпына келтіру біздің қарым -қатынастарымыздың дамуына, сондай - ақ біздің елдер арасындағы сауда -экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуге және кеңейтуге одан да үлкен мүмкіндіктер туғызатынына сенімдімін.

Келесі жылы біз елдеріміз арасындағы дипломатиялық қатынастардың құрылуының 30 жылдығын атап өтеміз. Осы жылы екі ел де тәуелсіздіктің 30 жылдығын тойлап жатыр. Бұл сәтті пайдалана отырып, мен өз құттықтауларымды жеткіземін және бауырлас Қазақстан халқына тек жақсылық, бейбітшілік пен өркендеу тілеймін». – деді Елші.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжанмен ынтымақтастық жайлы айта келе, Әзербайжан Қазақстанның Еуразиялық кеңістіктегі және Каспий өңіріндегі негізгі серіктестерінің бірі екенін баса айтты. "Біздің көпжақты ынтымақтастығымыздың барлық саласына тың серпін беру өзекті мәселе" – деп мәлімдеді Мемлекет Басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев елшілерді Қазақстандағы дипломатиялық миссияларының ресми түрде басталуымен құттықтап, олардың тәжірибесі мен кәсіби біліктілігі достас халықтардың әртүрлі салалар бойынша ынтымақтастық орнатуына ықпал етеді деген сенімін жеткізді. 

Мұрағаттан іздеу